Shanger.kz және Aleminform бірлескен коллаборациясы аясында дайындалды.
3 қыркүйектен бастап қазақстандық көрермен назарына «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі ұсынылды. Картина орманшылардың өмірін, олардың кәсіби жауапкершілігін және табиғи апат кезінде адам өмірі мен қызметтік борыштың арасында таңдау жасауға мәжбүр болатын сәттерін баяндайды. Фильмде адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, достық, отбасы, кәсіби борыш және табиғатқа жанашырлық тақырыптары қозғалады.
Фильмнің режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сақатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сәбитов сомдады. Картина ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Алғашқы толықметражды фильм
Режиссер Төребек Бейсебаев үшін «38. Соңғы нүкте» – алғашқы толықметражды фильм. Бұған дейін ол сериалдармен жұмыс істеген.

фото: Карла Нур
«Алғашқы толықметражды фильмім. Бұған дейін сериалдар түсірдім. Әрине, мұндай ауқымды фильмді түсіру – үлкен жауапкершілік. Толықметражды кино жасау оңай емес», – дейді режиссер.
Фильмдегі негізгі кейіпкерлердің бірі – орман шаруашылығы саласының маманы. Кейіпкерді сомдау барысында актерлер үшін орманшылардың күнделікті жұмысымен танысу маңызды болған.
«Түсірілім барысында орманшылармен, режиссермен, авторлармен және идея авторларымен сөйлесе отырып, бізге қажетті дүниелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік болды. Бұл әлемге жақындай түсуімізге үлкен септігін тигізді», – дейді Асан Мәжит.
Фильмнің негізгі эмоционалдық өзегінің бірі – орман өрті және оның адамға, табиғатқа тигізетін зардабы.
Фильммен жұмыс барысында орманшылардың кәсіби міндетінен бөлек, олардың табиғатты қорғаудағы жауапкершілігін тереңірек түсінуге мүмкіндік туған.
«Ең бастысы, шын мәнінде, өрт кезінде адамдардың қауқарсыздығы, яғни болып жатқан апатқа төтеп бере алмайтын кездегі шарасыздық қатты көңіліме тиді», – дейді бас актер.

фото: Карла Нур
Оның айтуынша, фильммен жұмыс істеу барысында орман туралы қалыптасқан түсініктері де өзгерген.
«Шындап келгенде, орман өздігінен өседі деп ойлайтын адамдар мен сияқты өте көп. Бірақ орманды орманшылардың өздері отырғызатынын сол кезде білдім. Ол жерде жылдар бойы көптеген адамның еңбегі жатыр. Менің ойымша, оны қалпына келтіру – орманшылардың құзырындағы үлкен жұмыс. Сондықтан олардың еңбегін бағалауымыз керек», – дейді Асан Мәжит.
Фильм идеясы Семейдегі өрттен кейін туған
Продюсердің айтуынша, сценарийді жазуға үш айдан астам уақыт кеткен. Шығармашылық топ ең алдымен көпшілік біле бермейтін орман шаруашылығы қызметкерлерінің күнделікті жұмысын көрсетуге басымдық берген.
«Сценарий жазуға үш айдан астам уақыт кетті. Негізгі басымдықты біз, ең алдымен, орман шаруашылығында қызмет атқаратын адамдардың көпшілік біле бермейтін жұмыстарын көрсетуге қойдық», – дейді продюсер Нұржігіт Хайдар.
Фильмнің идеясы 2023 жылы Семей өңірінде болған ірі өрттен кейін пайда болған. Идея авторы Мақсат Жұмахановтың өзі орман саласында қызмет еткен. Сол оқиғадан кейін орманшылардың еңбегі мен кәсіби жауапкершілігі туралы фильм түсіру идеясы дүниеге келген.
«Сценарий толыққанды ойдан шығарылған. Бірақ фильмнің бастапқы идеясы өмірден келді. Идея авторы Мақсат Жұмаханов өзі орман саласында қызмет еткен. 2023 жылы Семейде болған өрттен кейін осындай фильм жасау керек деген ой туған. Ал сценарийдегі кейіпкерлер толығымен ойдан шығарылғанымен, кейбір элементтер орман шаруашылығындағы күнделікті жұмысқа, әр орманшының атқарып жүрген міндеттеріне негізделген», – дейді продюсер.
Орманшы еңбегіне назар аудартады
«38. Соңғы нүкте» – табиғи апат туралы ғана емес, сонымен бірге қоғам көп жағдайда назар аудара бермейтін мамандық иелерінің еңбегі туралы фильм.
Картина орманшылардың табиғатты қорғаудағы рөлін, олардың күнделікті қызметінің қаншалықты күрделі әрі жауапты екенін көрсетуге тырысады. Фильмдегі оқиғалар арқылы көрермен кәсіби борыш, адам өмірі, отбасы мен табиғат алдындағы жауапкершілік секілді құндылықтар туралы ойлануға мүмкіндік алады.
Фильм сонымен қатар қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың рухына арналған.
«38. Соңғы нүкте» фильмінің Астана мен Алматыдағы премьераларына кино саласының өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, актерлер, түсірілім тобы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. 3 қыркүйектен бастап картина еліміздің кинотеатрларында кең прокатқа шықты.




