Бүгінде ай сайын шамамен 4 миллион пайдаланушыға қызмет көрсететін eGov Mobile Қазақстан азаматтарының жартысына қолжетімді. Қосымшаның алғашқы нұсқасы 2012 жылы mGov деген атпен іске қосылған еді. Сол кезде мекенжай және зейнетақы анықтамаларын, мүлік және жүктемелер туралы анықтамаларды алу, айыппұлдарды, салықтарды және мемлекеттік баждарды төлеу сияқты электрондық мемлекеттік қызметтер енгізілді. 2019 жылға қарай mGov қосымшасы арқылы халыққа 70-ке жуық қызмет көрсетілді.
2019 жылы өнім ребрендинг пен қайта дизайндаудан өтті, сол сәттен бастап баршаға таныс eGov Mobile қолжетімді болды. 2020 жылы биометрияның енгізілуі маңызды сәт болды, бұл пандемия кезінде де мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетуге көмектесті.
Мобильді қосымша жаңартылғаннан бері 5 жыл ішінде пайдаланушылар саны 15 есеге өсті және бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90%-ы eGov Mobile арқылы қолжетімді. Ай сайынғы белсенді пайдаланушылар саны 4 миллионға, ал күнделікті белсенді пайдаланушылар саны 190 мыңнан асты. eGov Mobile жеке тұлғаларға арналған e-License порталында 208 мемлекеттік қызметті және 759 қосымша қызмет түрін, сондай-ақ 34 eGov Business қызметін ұсынады.
Енді қосымшаның арқасында физикалық құжаттарды алып жүрудің қажеті жоқ, себебі «Цифрлық құжаттар» қызметінің енгізілуі қазақстандықтарға құжаттарының цифрлық нұсқасын 13 миллионнан астам рет пайдалануға мүмкіндік берді. Кейінірек бұл қызмет азаматтардың ыңғайлылығы үшін танымал банк қосымшаларына біріктірілді. Сонымен қатар, eGov Mobile технологиялық шешімдерінің бірі – QR-код арқылы ЭЦҚ алу және құжаттарға қол қою мүмкіндігі. Бүгінгі күні қол қоюдың бұл әдісі 9 миллионға жуық рет қолданылды және бұл сан өсуде.
eGov Mobile қосымшасын қазір App Store, Play Market және HUAWEI AppGallery дүкендерінен жүктеп алуға болады, ол iOS және Android мобильді құрылғыларын қолдайды. iOS платформасындағы eGov Mobile пайдаланушыларының саны 3,6 миллионнан астам, Android-та – 5,1 миллионнан астам және HUAWEI платформасында – 850 мыңнан астам пайдаланушы.
2024 жылдың шілдесінде мобильді электронды үкіметтің жаңа компоненті – кәсіпкерлерге арналған eGov Business қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымшаның дамуының арқасында шағын және орта бизнес өкілдері смартфондарын пайдаланып мемлекеттік қызметтерді ала алады. eGov Business қосымшасының пайдаланушылары бірнеше рет басу арқылы заңды тұлғаның бірінші басшысын тіркей алады, ЭЦҚ беруге өтініш бере алады, QR арқылы әртүрлі құжаттарға қол қоя алады және т.б.
Бүгінде eGov Mobile қосымшасы – мемлекеттік қызметтерді алуға арналған платформа. eGov Mobile азаматтардың мемлекетпен өзара әрекеттесуінің маңызды құралы болып табылады және пайдаланушылар тарапынан қызығушылық пен сенімнің артып келе жатқанын растайды. Алда әлі де көптеген жаңалықтар күтіп тұр, NITEC командасы Қазақстанның әрбір азаматы үшін мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді және ыңғайлы ету мақсатына сенімді түрде iлгерілеп келеді.