Қазақстанның IT әлеміне жаңа серпін
Жезқазған қаласында Ulytau Hub атты жаңа IT орталығы салтанатты түрде ашылды. Бұл Қазақстан бойынша он жетінші аймақтық IT хабы. Жоба Astana Hub, Цифрландыру министрлігі және Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты.
Жаңа орталық стартаптарды қолдауға, IT білімін дамытуға және өңірдің технологиялық экожүйесін нығайтуға бағытталған. Ол Жезқазған қаласы, Абай көшесі, 99 мекенжайында орналасқан және технологиялық инновацияларға қызығушылық танытқан барлық адамдарды қабылдауға дайын.
Ulytau Hub инкубациялық бағдарламаларды, оқу курстарын және семинарларды ұйымдастырады. Сонымен қатар, митаптар, шеберлік сабақтары, спикерлермен кездесулер, идеялар байқауы, «Pizza Pitch» секілді іс-шаралар, форумдар, хакатондар және халықаралық олимпиадалар өткізіледі. Барлық шаралар технологиялық экожүйе қатысушылары арасында тәжірибе мен идея алмасуға бағытталған.
Қазіргі таңда Қазақстанның 16 өңірінде IT хабтар белсенді жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін Петропавл қаласында он сегізінші хабтың ашылуы жоспарлануда. Ulytau Hub өңірдің технологиялық дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор үлес қосады деп күтілуде.