Astana Hub-та халықаралық өсуге және экспорттық әлеуетті кеңейтуге ұмтылатын қазақстандық IT-компанияларды қолдауға бағытталған Global Outsourcer акселерациялық бағдарламасының екінші ағынының қорытындысы шығарылды. Үш ай ішінде бағдарламаға қатысушы 15 компания АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, БАӘ, Австралия және басқа да елдер сияқты 24 елдің клиенттерімен 355 034 АҚШ доллары көлемінде 98 экспорттық келісімшарт жасасты.
Бағдарлама Upwork платформасында және басқа да халықаралық нарықтарда лидтерді генерациялау және сату дағдыларын дамытуға бағытталған. Қатысушылар 8 дәріс, 14 мастер-майнды, 50-ден астам стратегиялық сессияны қамтитын қарқынды курстан өтті және трекерлер мен сарапшылардың жеке қолдауын алды. Бұл тәжірибе оларға клиенттерді іздеудің және халықаралық деңгейде мәмілелер жасаудың тиімді әдістерін игеруге мүмкіндік берді.
«Екінші ағынның айқын мысалдарының бірі — американдық клиент үшін 1200 долларлық келісімшарттан бастаған және кейін автокөлік брокерлеріне арналған CRM прототипін сәтті әзірлеудің арқасында оны 500 000 долларға дейін арттырған DilyaSoft.pro компаниясы. Kurmashev Studio командасы бар болғаны төрт минут ішінде келісімшарт жасасып, рекорд орнатты, ал Maxinum Consulting Google Apps Script автоматизациясының тар саласын таңдап, 160 000 долларға келісімшартқа қол қойды. Бұл мысалдар қазақстандық IT-компаниялардың халықаралық аренадағы сұранысқа ие екенін айқын көрсетеді», — деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев.
Айта кетейік, 2023 жылы Global Outsourcer бірінші ағынының қатысушылары 27 елдің клиенттерімен жалпы сомасы 158 000 доллардан асатын 69 келісімшарт жасасып, АҚШ, Канада, Еуропа, Түркия және Австралия сияқты нарықтардағы өз позицияларын нығайтты. Global Outsourcer 2.0 бағдарламасы қазақстандық IT-компаниялардың жоғары бәсекеге қабілеттілігін және олардың жаһандық аренада одан әрі кеңеюге дайын екенін тағы да растады, қол жеткізілген жетістіктерді бекітті және жаңа халықаралық мәмілелер үшін негіз қалады. , Kazakh