Баспана сертификаты баспанаға мұқтаж және ипотекалық тұрғын үй несиесі бойынша алғашқы жарнаның бір бөлігін жабуға жеткіліксіз табысы бар отбасыларға беріледі. eGov.kz порталында сертификат алуға арналған онлайн қызмет енді қолжетімді.
Сертификат Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу шартымен беріледі. Баспана сертификаттарын алушылардың ауқымы мен санаттарының тізбесін жергілікті атқарушы органдар айқындайды.
Баспана сертификаты келесі шарттар орындалған жағдайда әлеуметтік көмек ретінде беріледі:
- өтініш берушінің және онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерінің (жұбайы және кәмелетке толмаған балалары) соңғы 6 айдағы еңбек қызметінен және/немесе кәсіпкерлік қызметтен алған орташа табысы белгіленген шектен аспауы тиіс;
- орташа табысқа зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті төлемдер кірмейді;
- күндізгі оқу нысанында оқитын 23 жасқа дейінгі балалар ескеріледі.
Баспана сертификатын онлайн алу үшін пайдаланушыға:
- eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік – Тұрғын үй қатынастары» бөліміне өту керек;
- тізімнен «Баспана сертификаттарын беру» таңдап, қажетті өрістерді толтыру қажет;
- ЭЦҚ қолданып қызметке қол қою керек;
- жеке кабинетте (https://kezekte.kz/) мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесімен танысу керек.
Жаңа қызмет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитетінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның ынтымақтастығының арқасында іске қосылды.